Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы
№ 1080 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 958-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
25, 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«25. «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» оқу курсының мазмұнын 2-4-сыныптарда дүниетану оқу курсының шеңберінде: жылдық оқу жүктемесі 2-3-сыныптарда 6 сағаттан, 4-сыныпта 10 сағаттан бастауыш сынып мұғалімдері іске асырады; 5-9-сыныптарда «Дене шынықтыру» оқу курсының шеңберінде 15 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен дене шынықтыру мұғалімі іске асырады; 10-11-сыныптарда «Алғашқы әскери дайындық» оқу курсының аясында 25 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары іске асырады. Өмір қауіпсіздігінің негіздерін оқыту сабақтары міндетті болып табылады және оқу уақытында жүргізіледі.
26. «Жолда жүру ережелері» оқу курсының мазмұны 2-4-сыныптарда мынадай оқу курстарының шеңберінде іске асырылады: «Ана тілі», «Музыка», «Бейнелеу өнері», «Технология»; 5-8-сыныптарда сабақтан тыс уақытта, сынып сағаттары мен факультативтер есебінен іске асырылады.»;
35, 36, 37-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«35. Оқу жылының ұзақтығы 2-11-сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды.
36. Білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі сыныптағы және сыныптан тыс (факультативті, жеке және үйірме сабақтары) оқу жұмыстарының барлық түрлерін қоса алғанда,
2-сыныпта – 25 сағаттан, 3-сыныпта – 29 сағаттан, 4-сыныпта – 29 сағаттан,
5-сыныпта – 32 сағаттан, 6-сыныпта – 33 сағаттан, 7-сыныпта – 34 сағаттан,
8-сыныпта – 36 сағаттан, 9-сыныпта – 38 сағаттан, 10-сыныпта – 39 сағаттан, 11-сыныпта – 39 сағаттан аспауы тиіс.
37. Оқу жылында 2-11-сыныптардағы каникул уақытының ұзақтығы кемінде 30 күнді құрайды. Оқу жылы ішінде 3 рет каникул беріледі: күзде, қыста және көктемде. Каникулдың нақты мерзімін Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органы белгілейді.»;
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«48. Пәндік нәтижелер 2-4-сыныптарда базалық деңгейде, кейінгі сыныптарда үш деңгейде: базалық (міндетті) деңгейде, жетік мүмкіндік деңгейінде 5-11-сыныптарда (белгілі бір пәнді таңдау кезінде 1 сағат көлемінде вариативтік компонентті игеру үшін) және жетік бейіналды деңгейде 8-9-сыныптарда/жетік бейіндік деңгейде 10-11-сыныптарда (жалпы орта білім беретін ұйымдар таңдаған пәндерді тереңдетіп оқуға арналған үлгілік оқу жоспарларының нұсқаларын игеру үшін) белгіленеді.»;
65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«65. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы орта білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар 24-ке немесе одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар 20-ға немесе одан артық, шағын жинақты мектептерде кемінде 10-ға толған жағдайда:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 2-11-сыныптарда қазақ тілі бойынша;
2) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 5-11-сыныптарда қазақ әдебиеті бойынша;
3) оқыту қазақ, ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүргізілетін 3-11-сыныптарда орыс тілі бойынша;
4) 2-11-сыныптарда шетел тілі бойынша;
5) 5-11-сыныптарда информатика бойынша;
6) бейінді пәндер бойынша;
7) 5-11-сыныптарда технология бойынша (сынып толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздар топтары);
8) 5-11-сыныптарда дене шынықтыру бойынша сабақтарды жүргізу кезінде жүзеге асырылады.»;
көрсетілген қаулы осы қаулыға қосымшаға сәйкес қосымшамен (бұдан әрі – қосымша) толықтырылсын.
2. Осы қаулы 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін қосымшаның 10-тармағының 2) тармақшасын, 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін қосымшаның 10-тармағының 3) тармақшасын, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін қосымшаның 10-тармағының 4) тармақшасын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов